17 Мамыр 2021
Жаңалықтар

БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ МАҚСАТЫМЕН АТЫРАУЛЫҚ 50 МЕКТЕПКЕ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

НЗМ ДББҰ-ның бір топ өкілі «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» нысаны болып белгіленген 50 мектепке зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Атырау облысы Білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Бүгінде 125 адамнан құралған зерттеу тобы жеті бағыт бойынша сараптау жұмыстарын бастап кетті. «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» дербес білім беру ұйымдарының аға менеджері Мира Битенбаеваның айтуынша, жұмыс барысы қарқынды жүргізілуде.
- Біздің мақсат - жәй ғана келіп, кету емес, зерттеген мектебімізді жоғары деңгейге көтеру, - дейді Мира Битенбаева.
Ал облыстық Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевтің айтуынша, жобаны іске асыру арқылы бірқатар мәселе шешімін таппақ.
- Бұған дейін сәуір айында 11 мыңнан астам 14 жастағы білім алушылар, 5 мыңнан астам 4,8-сынып оқушылары халықаралық зерттеулер талаптарына сәйкес онлайн тестілеуден өткізілді. Сонымен қатар ата-аналар, мұғалімдер арасында да арнайы сауалнамалар ұйымдастырылып, білім беру сапасын арттырудың тың жолдары іздестірілуде, - деді басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен сәуір айында іске қосылды. Жобаны жүзеге асырушы Жобалық кеңсе облыстық Білім беру басқармасының Әдістемелік орталығында орналасқан.